Кеншілер қаласының жүз жасаған батырлары

Кеншілер қаласының жүз жасаған батырлары

Алапат төнген соғыстың ауыр кезеңдері өтіп жатқан тұс. 1943 жылдың қараша айы. Илья Марьяшин Рязань облысы Потеряный рай ауылынан Қызыл Армия қатарына шақырылды.

Жауынгерлік дайындықтан кейін Приморск әскери округіндегі 39-армияның 32-инженерлік полкіне жіберіледі. Сапер ретінде соғыс қимылдарының басынан бастап, танктердің миналанған алаңдардан өтуін қамтамасыз еткен батырымыз бүгінде Рудный қаласында тұрып жатыр.

Облыстық ардагерлер ұйымының өкілдері бас сұққанда «сәлемдеріңді алдым» дегендей қария бас изеді.

– Алдағы жеңістің сексен жылдығы мерекесі құтты болсын! Отан қорғау жолында ерлік көрсеткен сіздерге бас иеміз! – деді ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Ахметов.

Жүзге биыл ғана аяқ басқан қария түсінгендей кейіп танытты. Басын көтеріп тұруға оқтала түсті.

 

Күтушілері де кісімен қарым-қатынасы, асқа деген тәбеті жақсы екенін айтып жатыр.

–Бұл кісілер Қытайдың Маньчжурия провинциясындағы қиян-кескі ұрыстардан өткен. Қытай Халық азаттық армиясының жауынгерлерін дайындауға қатысқан. 1953 жылы запасқа шығарылған. Бейбіт уақытта электромонтер болып Ряжск қаласында, ал 1965 жылдан Рудныйдағы Сарыбай кеніш басқармасында жұмыс істей бастады, – деп әңгімеге араласты Рудный қаласы ардагерлер ұйымының төрағасы Сәлімгерей Бексейітов.

Терезесі күнгей бетке қараған бөлме іші жарық. Қабырғасы кәдімгідей музейге бергісіз екен. Атайдың жас кезіндегі жүріп өткен жолдары сайрап жатыр.

Онда Аға лейтенант Илья Михайловичтің 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жапонияны жеңгені үшін», Жуков және мерейтойлық медальдары қойылған.

Биыл күзде жүзге келетін Ілияс Аманұлы шаңырағына қонақ келетінін естіп күтіп отыр екен. Келіні мен немересі кеудесі орден, медальға толы шапанын кигізіп жатты.

Кіріп келген меймандарға осыдан ғасырға жуық уақыт бұрынғы жас сарбазша рапорт берді:

–Алдарыңда запастағы ефрейтор Ілияс Екібаев! Курск доғасында фашистермен шайқасып, дауылды от астында Днепрді басып өткен, Варшаваны азат ету жолында Берлинді алып, жеңіліске ұшыраған Рейхстагтың қабырғаларына өз есімін жазып қалдырған жауынгер мен боламын! – деді Ілияс Аманұлы.

Қарияның жас күні әлі күнге жадында көрінеді. Он сегіз жасында майданға аттанғанын, Бірінші Украина және Бірінші Беларусь майдандарының 54-ші атқыштар полкімен соғысқа қатысқанын айтып жатыр.

Жапондармен де соғысып, ерлік көрсеткен.

Болашақ Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Қошқарбаевпен жақын таныс болған. Жауынгерлермен бірге, атыс позициясында байланыс орнатуға көмектескен. Соғыстың соңғы сағаттарында сөзсіз тапсыру «безоговорочная капитуляция» актісіне қол қою кезінде қарауылда болған. Аты аңызға айналған маршал Жуковты, ағылшын генералы Артур Теддерді, американдық К.Спаатс, француз Ж.де Латр де Тассиньиді және неміс фельдмаршалы Вильгельм Кейтельді көзі көрген.

1949 жылы демобилизацияланған соң, елге оралып, тың жерлерді өңдеп, механизатор, мотор жөндеуші болып еңбек етті.

–Зейнеткерлікке шыққанша ауылда еңбек еттім. Комбайнда жүріп, Қызыл ту орденімен мараппатталдым. 2000 жылы Рудный қаласына қоныс аударып, жергілікті ардагерлер ұйымының қызметіне араластым, – дейді ақсақал.

Бейімбет Майлин ауданы Қаратомар ауылының тумасы Ілияс Аманұлы Қызыл Жұлдыз, ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы ордендері мен «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

2005 және 2015 жылдары Астана қаласында Жеңіс күніне орай өткен тарихи мерейтойлық шерулерге қатысты.

Облысымызда екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне теңестірілген екі адам бар. Солардың бірі – Рудный қаласында тұрғыны Сейдахмет Нұрқанұлы Исмағұлов.

Сейдахмет Нұрқанұлы 1935 жылы Қостанай облысы Константиновка ауылында дүниеге келген. Соғысы кезінде 8 жасынан еңбекке араласқан. 1956 жылы Венгриядағы соғыс қимылдарына қатысқаны үшін екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне теңестірілген.

– 1954 жылы Рудный қаласына келіп, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатына жұмысқа тұрдым. Сол жерден Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Харьков қаласындағы радиолокациялық мектебін аяқтадым. Содан Венгрия көтерілісіне қатыстық, – дейді Сейдахмет Нұрқанұлы.

Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі нің акционерлік қоғамында жолшы, экскаватор машинисі, мастер, механик болып жұмыс істеген.

Сейдахмет Нұрқанұлы өзін сауатты, жауапкершілігі мол, білікті маман ретінде көрсете білгенінің арқасында 12 жыл бойы тас ұнтақтау зауытының кәсіподақ комитетін басқарды.

Рудный қаласының Құрметті азаматы Сейдахмет Нұрқанұлы 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін» және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Айбек ЖҮЗБАЙ

 

OSZAR »